Табиғи ресурстар

Пайдалы қазбалар ( оның ішінде келешекте игерілетіндері)
Аудан көлемінде табиғи газ, мұнай, минералды тұз, ұлу тас, мрамор, ақбалшық, қайыр, кварц пен дала шпатынан тұратын құм мен саздың мол қоры бар.
Соңғы жылдары ауданда геологтардың зерттеуі бойынша темір рудасының мол қоры бар екендігі анықталды.
1963 жылдан бері емдік қасиеті мол Шалқар минерал суы өндіріліп келеді.
Біршоғыр селолық округі аумағында әр түрлі фракцияда қиыршық тас өндіретін 7 зауыт жұмыс жасайды.
Су ресурстары
Шалқар артезиан алабы – Арал теңізінің солтүстігіндегі жер асты суы бар өңір. Солтүстікте Мұғалжардан басталып оңтүстікте Арал мен Үстіртке келіп тіркеледі. Шалқар артезиан алабында әрқайсысының қалыңдығы 100-120 метрдей екі сулы қабаттың жоғарғысы палеогеннің, төменгісі бордың құмды шөгінділерінде. Үстіңгі (палеоген) сулы қабат 150-200 метр, астыңғысы ( бор) 300-600 метр тереңдікте. Су арынының күші өте зор. Қазылған скважиналардан су шапшып өздігінен төгіледі. Әр скважинаның тәуліктік су өнімі қабаттардың үстіңгісінде 100-500 , төменгісінде 1000-2200 текше метр. Шалқар артезиан алабының тұщы және аздаған ашқылтым суының табиғи қоры 300 текше км-ден астам. Одан жылына 450-480 млн.текше метр су алабы жер суаруға, елді мекендерді тұщы сумен қамтамасыз етуге жұмсалады.
Жер бетіндегі су көздері бойынша ауданда ұзындығы 49 км-ден (Текелі) 195 км-ге ( Шетырғыз)дейінгі 15 өзен және ауданы 10 шаршы км –ден 23,4 шаршы км-ге дейінгі ағынды, ағынсыз 10 көл бар. Шалқар көлінен басқасы тұзды,мал жайылымына пайдаланылады.