Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне ветеринариялық-санитариялық қорытынды беру

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ТӨЛҚҰЖАТЫ
Қызметтің атауы
Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне ветеринариялық-санитариялық қорытынды беру
Қызметті көрсететін мемлекеттік орган
Мемлекеттік қызметті Астана және Алматы қалаларының, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары бекіткен тізім негізінде мемлекеттік ветеринариялық дәрігер (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді
Өтініштерді қабылдауды және нәтижелерін беруді жүзеге асыратын мекеме
1) Астана және Алматы қалаларының, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары; 2) «электрондық үкіметтің» веб-порталы: www.egov.kz, www.elicense.kz (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.
Қызметті алушылар
Жеке және заңды тұлғалар
Қызметтің құны
«Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабы 2-тармағының 6) тармақшасына сәйкес ақылы түрде (ветеринариялық-санитариялық қорытынды бланкісі үшін) көрсетіледі. Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік сатып алу туралы конкурс нәтижесі бойынша айқындалған бланктің құнын екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы төлейді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға электрондық сұрау салуды портал арқылы берген жағдайда төлем «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі (бұдан әрі – ЭҮТШ) немесе екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Қызмет көрсету мерзімі
1) көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге немесе порталға құжаттар топтамасын тапсырған күннен бастап – 5 (бес) жұмыс күні; 2) көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге құжаттар топтамасын тапсыруы үшін күтудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 30 (отыз) минут; 3) көрсетілетін қызметті алушыға қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 30 (отыз) минут.
Мемлекеттік қызметтің көрсетілетін нысаны
электрондық (ішінара автоматтандырылған) немесе қағаз түрінде
Жұмыс кестесі
1) көрсетілетін қызметті берушінің – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбі – жұма аралығында сағат 13.00-ден 14.00-ге дейінгі түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін. Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру сағат 13.00-ден 14.00-ге дейінгі түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 17.30-ға дейін жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызмет алдын ала жазылусыз және жеделдетілген қызмет көрсетусіз кезек күту тәртібімен көрсетіледі; 2) порталда – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерін беру келесі жұмыс күнінде жүзеге асырылады)
Қажетті құжаттар
1) осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш; 2) жеке басын куәландыратын құжат және өкілдің өкілеттігін растайтын құжат (сәйкестендіру үшін); 3) жалға алу шартының құқығында үй-жайлардың тиісті бар екенін растайтын құқық белгілейтін құжат көшірмесі; 4) ветеринариялық-санитариялық қорытынды бланкісінің құнын төлегенін растайтың құжат; порталға: 1) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына қосымшаға сәйкес, тұтынушының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтініш; 2) жалға алу шартының құқығында үй-жайлардың тиісті бар екенін растайтын құқық белгілейтін құжаттың электрондық көшірмесі; 3) ЭҮТШ арқылы төленген жағдайды қоспағанда, ветеринариялық сертификат бланкісі үшін ақы төленгенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі. Жеке басын куәландыратын, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы, дара кәсіпкерді туралы мемлекеттік тіркеу, меншік құқығында тиісті үй-жайлардың бар болуы туралы құжаттардың мәліметтерін көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден «электрондық үкімет» шлюзі арқылы алады. Көрсетілетін қызметті алушы барлық қажетті құжаттарды тапсырған кезде: 1) көрсетілетін қызметті берушіге – көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесінде оның көшірмесінде құжаттар топтамасының қабылдау күні, уақыты, құжатты қабылдаған жауапты адамның тегі, аты, әкесінің аты көрсете отырып, тіркеу туралы белгі қойылғаны қағаз жеткізгіштегі өтініштің қабылданғанын растау болып табылады; 2) портал арқылы – көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетінде» мемлекеттік қызметті көрсетуге арналған сұрау салудың қабылданғаны туралы мәртебе көрсетіледі.
Мемлекеттік қызметтің нәтижесі
мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектінің ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларға және талаптарға сәйкестігі туралы ветеринариялық-санитариялық қорытынды; анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымдар бере отырып, объектінің ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларға және талаптарға сәйкес еместігі туралы ветеринариялық-санитариялық қорытынды (бұдан әрі – ветеринариялық-санитариялық қорытынды).