ШАЛҚАР АУДАНЫНЫҢ 80 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ

Шалқардың Ақтөбе облысының құрамына еніп, аудан болып ірге көтергеніне 80 жыл толып отыр. 80 жыл — тарих үшінқас қағым сәт болғанымен, осынау уақыт ішінде біз ғасырларға пара-пар жолдан өттік.
1931-1932 жылғы қолдан жасалған ашаршылық Қазақстанда 4 миллионға жуық адамның өмірін алып кетсе, 1 млн. адам Қытай, Монғолия, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан, Қарақалпақ елдеріне жер ауды. Бұлардың ішінде Шалқар ауданы халқының да үлес салмағы едәуір болды. Міне, осындай ауыр жағдайда Шалқар Ақтөбе облысының құрамындағы дербес аудан ретінде өзінің өндірістік, экономикалық және әлеуметтік саладағы жаңа өмірін бастады.
Сол кезде қаншалықты қиын жағдай бола тұрса да, партия мен үкімет халықты отырықшылыққа айналдырудың барлық шараларын жасады. Мал шаруашылығымен бірге егін шаруашылығы да қолға алынды. 1934 жылы ауданда 6370 гектар жерге 412 центнер тұқым себілген. 1934 жылы ауданда Каучук өңдейтін зауыт, электр стансасы, наубайхана, «Красный Восток» артелі, қуаты 150 Ваттық радиостанция, 2 пошта бөлімі жұмыс жасаған. 1937-1938 жылдары жаппай қуғын-сүргін басталып, тіпті қиян далада алаңсыз өмір сүріп жатқан қарапайым адамдардың арасынан «Халық жауы», «Жапонияның тыңшысы» деген дақпыртпен ешқандай жазығы жоқ шаруалар ұсталған. Кейбір деректерге сүйенсек, сол жылдары бір ғана Шалқар ауданының өзінен жарты миллиондай адам ұсталыпты.
«Жыртық үйге тамшы ауыр...» демекші, осы дүрбелеңнің аяғы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына ұласты. Бүкіл елдегідей, шалқарлықтар да майдандағы жауынгерлерге азық-түлік пен киім-кешектен қолдан келгенінше жәрдем көрсетті. Соғыс жылдары Шалқардан майданға 7500-дей жігіттер мен қыздар аттанған. Оның 1951-і хабарсыз кетті, 1800-дейі елге аман-сау оралды, қалғандары майдан даласында опат болды. Ел басына күн туған шақта осындай ауыртпалықты бастан кешірген Шалқар халқы соғыстан кейін де өзінің елдігін, рухының асқақтығын, қандай қиыншылыққа да төзімді қайтпас қайсарлығын, жасампаз еңбеккерлігін көрсете білді.
Менің сәл шегініс жасап отырған себебім, өткенсіз бүгін жоқ, ал бүгінсіз ертең жоқ. Қазақ елі Тәуелсіздік алғанға дейін өз өмірінің 70-тен астам жылын Кеңес үкіметінің қарамағында өткізді. Осы кезеңнің де өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері жеткілікті болды. Бұл — диалектика заңы, өмір заңы. Қоғам үшін де адам үшін де өз өмірінде тақтайдай тегіс жол жоқ. Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардағы қиыншылықтар да көз алдымызда. Кеңес үкіметіне арқа сүйеп қалған қарапайым халық егемендікпен үзеңгілес келген нарық заңын әу баста түсіне алмады. Ауыл шаруашылығы — ауыр шаруашылыққа айналды. Кеңшарлар таратылып, бар мүлкі талан-таражға түсті. Ауылдағы ағайынның санасына «бартер» деген ұғым түрпідей тиді. Күнделікті дастарханнан табылатын қант пен шай да қардар болды. Тіпті 1992 жылдың жаз айында бір келі қанттың бағасы бір тәуліктің ішінде 94 тиыннан 7 сом 20 тиынға бір-ақ ырғыды. Екі жандықтың құны бір қап ұнға тең келді.
Ел ішіндегі жұмыссыздық, еңбекақының, зейнетақының уақытында төленбеуі, кәсіпорындардың бірінен соң бірінің жабылуы аудан халқын әбден күйзелтті. Халық арасында іссапарларда болған аудан және барлық бөлім басшылары халықпен кездесу өткізді, тұтастай республика көлемінде осындай қиындық орын алып отырғаны, мұның уақытша жағдай екені, алда Тәуелсіздіктің үлкен нәтижелері күтіп тұрғаны там-тұмдап болса да халыққа жеткізіле берді. Әрбір елді мекен орталықтарында әкім күндері өткізіліп, халықтың арыз-шағымдары қаралып, мүмкіндігінше шешімдері табылды. Сол жылдары аудан шаруашылықтарында алғашқы жеке шаруа қожалықтары құрылып, шағын кәсіпорындар ірге көтерді, яғни, жаңа қоғамның талабына халық бейімделе бастады. 1995 жылдың басында аудан көлемінде 7 мыңдай жеке тұлға, 170-тей шағын кәсіпорын тіркелген.
Адам баласы үш мыңыншы жылдықты қарсы алуға дайындық жылы болып есептелетін 2000 жылға қарай аудан экономикасы мен халықтың әл-ауқаты жақсара бастады. Өткен ғасыр халықтың қабырғасын қайыстырар небір қиындық кезеңдер әкелумен бірге ең қымбат сыйға ата-бабамыз аңсаған — Тәуелсіздікті де тарту етті.
Ендігі жаңа ғасырда оны баянды ету, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының экономикасын қуатты, әлемге танымал елге айналуына атсалысу аудан халқының ең негізгі де басты міндеті болды. Еліміздің тарихи жолын ой елегінен өткізген адам Тәуелсіздік алған алғашқы тоғыз жыл ішінде қиындықтармен бірге қаншама жарқын істерге қол жеткізілгенін түсінеді.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында еліміз тарих үшін аз ғана уақыттың ішінде ауыр кезеңдерді артқа тастап, дамыған елдермен түрлі қарым-қатынастар орнатып, экономикамыз өрге басып келеді. Ең бастысы, жиырма бірінші ғасырға аяқ басар жылда Шалқар халқы қиыншылықтардың уақытша екенін, ең қымбат дүние — Тәуелсіздік екенін бар жүрегімен түсінді. Жер байлығы бар жерде ел байлығы болмай қоймайды. Жаңа ғасырға бүкіл еліміздегідей аудан халқы да зор намыспен, қажымас қайрат-жігермен, ұлттық биік рухпен қадам басты.
2002 жылы қаңтарда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2002 жылға арналған индикативтік жоспары және оны жүзеге асыру жөніндегі негізгі шаралар белгіленді. Атап айтқанда, жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 734,3 млн. теңгені құрап, 3800 тонна ет, 8200 тонна сүт, 1 млн. 0,25 мың дана жұмыртқа өндіру жоспарланып, ол асыра орындалды.
Осы жылдың басты жаңалығы — халық тұтынатын газ отынының едәуір арзандауы. Бұдан бұрын халықты «ИнтергазОрталықАзия» компаниясы табиғи газбен қамтамасыз етіп келген болатын. Оның 1 текше метрінің құны 8 теңге 10 тиын еді. Аталмыш компания 1 маусымнан бастап газ беруін тоқтатқаннан кейін «Ақтөбегаз» жабық акционерлік қоғамы облыс халқын облыс территориясынан шығатын ілеспе газбен қамтамасыз етуге шешім қабылдады. Сөйтіп, әр текше метр газ үшін тұрғындар енді 3 теңге 92 тиын төлейтін болды. Бүгінгі таңда Шалқар қаласымен бірге Бозой, Бегімбет, Аққайтым, Қайдауыл, Мөңке би ауылдары көгілдір отын игілігін көріп отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2003-2005 жылдар «Ауыл жылы» деп аталып, осыған байланысты біздің ауданымызда да бизнес-инкубатор, жастар кәсіп- керлігін қолдау орталықтарының желісін дамыту, жас маман дәрігерлер мен педогогтарды ауылдық жерлерге жұмысқа орналастыру, оларға жағдай жасау, шығармашыл жастардың ауылдарға барып әртүрлі шаралар өткізуіне, балалар мен жастар арасындағы патриоттық тәрбиені күшейту саласында көптеген жұмыстар атқарылды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрлігінің «Қазақстандағы телемедициналық қызмет туралы» №471 бұйрығы және облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2008 жылғы №2240 бұйрығына сәйкес Шалқарда телемедициналық орталығы ашылды. Бұл орталық Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша, аралық өте қиын фактор болып табылатын жерлерде медициналық қызмет көрсетеді.
Ел Тәуелсіздігінің екінші онжылдығының әрбір айы, жылы Шалқар ауданының халқы үшін айтарлықтай жаңалықтарға толы болып келеді. 2009 жылы 2 наурызда Шалқар қаласының оңтүстік шығыс беткейінен орын тепкен 1200 орындық жаңа мектеп ғимаратының ашылу салтанаты болды. Бұл мектеп ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Үкіметтің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынды. Мемлекет және демеушілердің қаржысымен Шалқар қаласында тәулігіне 250 адам қабылдайтын емхана, 4 орта мектеп, 1 негізгі мектеп, ауылдар мен аудан орталығында бірнеше балабақшалар мен мәдениет ошақтары ашылды. Қаладан Қазанғап атындағы саз мектебінің жаңа ғимараты, Аққайтым, Біршоғыр елді мекендерінде дәрігерлік амбулатория, Есет ауылында медпункт салынып, іске қосылды. Теміржол бойындағы халықтың сұранысы бойынша Қарашоқат орта, Шоқысу негізгі мектептері ашылды. Қаладағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектебі жаңа ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Аяққұм ауылына электр қуаты беріліп, Бозой, Бегімбет, Қаратоғай, Алабас елді мекендері ауыз сумен қамтылды.Аудандағы өндіріс орындары, әсіресе, «Жаңатас-Продактс» ЖШС-і, «Таукен» ЖШС-і, «Ырғыз-Тасқұм» ЖШС-і, Біршоғыр шағылтас зауыттары, темірбетон зауыты, вагон доңғалақтарын жөндеу шеберханасы, нан, жылу, су өндіретін кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеуде.
Ауданда шағын кәсіпкерлікпен айналысу ісі жылдан-жылға дамып келеді. Өткен жылы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны — 1459-ға, заңды тұлға — 48, жеке тұлға—1411, ал оларда жұмыс жасаушылардың саны—9353-ке жетті, өндірілген өнім және көрсетілген қызмет көлемі—13 млрд. 108,5 млн.теңгені құрады. Осы жылдар ішінде 142 кәсіпкерлік нысаны ашылып, 175 адам жұмысқа тартылды. Яғни, 93 сауда және 2 ветеринарлық қызмет, 17 жолаушы тасымалдау, «Сәулет-Шалқар» ЖШС, «Отан» автомектебі, «Қожа» ЖШС-і, т.б ашылды.
2011-2012 оқу жылында аудандағы 39 мектепте 8011 бала оқуға тартылды. Оның ішінде Аула клубына 1690, өнер лицейіне 361, қалалық Оқушылар сарайына 590, Қазанғап атындағы саз мектебіне 356 бала тартылды. Шалқарлық 17 оқушы облыс бойынша, 4 оқушы республика бойынша пәндік олимпиададан жеңімпаз атанды.
2012 жылғы Шалқар ауданындағы ең басты жаңалық — бұл ғасыр құрылысының басталуы, яғни «Жезқазған-Бейнеу» теміржолын салу ісінің жүзеге асуы. Бұл магистральдің 217 шақырымы ауданымыздың үстімен өтеді. Алып құрылыс басталар алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық-инновациялық бағдарламаларды жүзеге асырудағы қол жеткен табыстар мен алдағы міндеттерді саралап берді. Тартылатын теміржол бойында халыққа жақсы жағдайлар жасалмақ. Ең бастысы, бұл жолды салу үшін 2000 адам жұмысқа тартылмақ. Теміржол салынғаннан кейін 760 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Автомобиль жолдары жүреді, жоқ жерлерге ұялы байланыстар орнатылады. Теміржол бойлап өтетін төрт округ тұрғындарының өмір сүру деңгейі көтеріледі. Бұл жобаның мақсаты — Қазақстанның Орталық аймағы мен «Достық» стансасынан жүктерді Батыс Қазақстанға, одан әрі Еуропаға тікелей шығару болып табылады. Осы теміржол құрылысының алты бөлігінің бірі — Шалқар учаскесінде де өзгелермен бірге бір мезгілде жұмыс басталды. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған ауданның 80 жылдық мерейтойы Шалқар тарихына алтын әріптермен жазылатын мерейлі күн болмақ.
Ежелден жеріне кие дарыған, ұлтымыздың салт дәстүрінің қаймағы бұзылмаған Шалқар өлкесінің келешегі кемел, болашағы баянды боларына сенімім мол. Ауданның 80 жылдық мерейтойы — халыққа ортақ той. Той құтты болсын, ағайын!
ШАЛҚАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ РАХАТ МӘЖИТҰЛЫ СЫДЫҚОВ