АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

2017 жылғы 1 мамырдағы БЖЗҚ негізгі көрсеткіштеріне қысқаша шолу
Алматы, Қазақстан. 2017 жылдың 4 айы ішінде зейнетақы жинақтарының таза инвестициялық табысы 92,2 млрд теңгені құрады.
2017 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 6,93 трлн. теңге болды және өткен жылмен салыстырғанда (2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 6,69 трлн теңге болған) 240 млрд теңгеге өсті.
2017 жылғы 1 мамырда шарттардың барлық түрлері бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10,05 млн. бірлік, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 9,58 млн. бірлік болды.
2017 жылғы 1 мамырда міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша салымшылардың ЖЗШ саны 428 мың бірлік, ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша 39 мың бірлік болды. Ал ағымдағы жылдың 1 қаңтарында бұл көрсеткіштер сәйкесінше 420 мың және 39 мың бірлікті құраған болатын.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес
зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған шақта бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының, инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгiзiлген мөлшерiнде сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік берілген.
2017 жылдың 4 айы ішінде түсімдердің жалпы сомасы 240 млрд теңгені құрады. Осы кезеңде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерінің сомасы 91,3 млрд теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 8,03 млрд теңге болды. Салыстырып қарайтын болсақ, 2016 жылдың осы кезеңінде түсімдердің жалпы сомасы 219,7 млрд теңге, ал төлемдер 73,23 млрд теңге болған еді.
2017 жылдан бастап зейнеткерлер мен 1 және 2 топтағы мүгедектерге БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері артып жатыр.
Егер 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлер мен 1 және 2 топтағы мүгедектерге төленетін зейнетақы төлемдерінің жылдық мөлшері шамамен 844 мың теңгені құраса, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап оның мөлшері 937 мың теңгені құрайды, яғни 11 пайызға өсіп отыр.
Салымшы (алушы) өзінің ЖЗШ-сындағы зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы (оның ішінде есептелген инвестициялық табыс туралы) ақпаратты БЖЗҚ-ның 231 дербес қызмет көрсету орталықтарының бірінен, сондай-ақ пошта байланысы, электрондық пошта, БЖЗҚ сайты немесе ұялы қосымша арқылы ала алады.
2017 жылдың 4 айы ішінде БЖЗҚ-ның дербес қызмет көрсету орталықтарында 1,9 млн. операция, оның ішінде МЗЖ, МКЗЖ және ЕЗЖ бойынша ЖЗШ ашу үшін шамамен 107 мың шарт жасалды, 300 мыңнан астам үзінді-көшірме берілді және басқа да операциялар жүзеге асырылды.
Соңғы уақытта адамдар ұтқырлығы, ыңғайлығы және уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретіндігінің арқасында көбінесе зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алудың электрондық тәсілін таңдап жатыр. Мысалы, 3,4 миллионға жуық адам зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілі ретінде электрондық хабарлау тәсілін таңдаған. 193 мыңға жуық адам өздерінің электрондық мекенжайына үзінді-көшірмелер алады, ал 3,2 миллион адам бұл үшін Қордың ресми сайтын немесе әртүрлі операциялық жүйелерде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасын пайдаланады.
2017 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша ұялы қосымшаны жүктеп алу саны 743,6 мың болды. Осылайша, жыл басынан бері жүктеп алу саны 234 мыңға дерлік көбейді немесе 46 пайызға артты.
Одан басқа, 2017 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесі салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірістерін ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» қызметі арқылы электрондық үкімет порталы арқылы салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарынан 395 мың үзінді-көшірме берілген. Салыстыратын болса, осы портал арқылы ағымдағы жылдың басындағы жағдай бойынша 352 мың үзінді-көшірме берілген еді.
Салымшы (алушы) БЖЗҚ-ға өзі келіп, не болмаса 1418 тегін нөміріне қоңырау шала отырып телефон арқылы, әлеуметтік желілер, сондай-ақ қашықтықтан: Қордың корпоративтік сайтындағы «Кері байланыс» нысаны, «онлайн-чат», «Төрайымның Блогы» және «Қоғамдық қабылдау» арқылы құпия ақпараттан басқа барлық өзін қызықтырған мәселелер бойынша кеңес ала алады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді.
Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы
БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz