Зейнетақы қорында виртуалды қызмет көрсетушілер пайда болды

«Армысыз! Қанеки, емін-еркін әңгімелесейік! Маған жақынырақ келіңіз! Сізге Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының электрондық қызметтері жайлы әңгімелеп берсем деймін».
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының филиалдарында алдына келушілерге осылай сәлем беретін ерекше интерактивті ақпараттық киоскілер пайда болды.
Биіктігі адам бойымен бірдей, сыртқы пішіні кәдімгі «Айфон» смартфоны тәріздес. Оның алып экранындағы виртуалды қызметшінің рөлін белгілі тележүргізуші Серік Ақышев сомдаған. Ал оның қатысуымен жүзеге асырылатын қызметтердің реті алдын-ала бейнетаспаға жазып алынып, аппарат жадысына енгізілген. Экранда ол жайдары жүзбен келушілердің назарын өзіне аудару үшін әр түрлі қимыл-қозғалыстар жасайды (компьютерде жұмыс істейді, корпоративтік журнал оқиды, кофе ішеді, қызметкермен сөйлеседі). Егер клиент экранға назар аударып, оған жақындайтын болса, виртуалды ассистент те клиентке «жақындап» оны әңгімеге тартады. Электронды қызметтерді пайдалануды ұсынады және әрбір қызметтің мән-мағынасын асқан сыпайылықпен түсіндіреді. Ал азаматтарға тек сенсорлық экранда пайда болатын тиісті түймешіктерге саусағының ұшын тигізіп тұрса болғаны. Қордың «виртуалды қызметшісі» оған қызметті пайдаланып болғанша дауыстап нұсқау беріп тұрады. Қызмет көрсетіліп болған соң күту режіміне қайта оралып, тағы да бұйрығыңызды күтіп отырады.
Қорға келушілерге бұл су жаңа ақпараттық киоск арқылы Қордың «Интернет үзінді-көшірме», «Ұялы қосымша» және «Зейнетақы калькуляторы» секілді электрондық қызметтері бойынша ақпараттық қызметтер көрсетіледі.
Мысалы, салымшылар мен алушылар киоскінің «Интернет үзінді-көшірме» бөлімі арқылы өздерінің зейнетақы жинақтарының жай-күйін, оларға келіп түсіп жатқан зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыстардың ағымдағы сомаларын біле алады. Бұл үшін олар белгілі бір кезең аралығын таңдау арқылы жеке зейнетақы шоты бойынша алынған үзінді-көшірмені өздерінің электронды пошталарына жібереді.
Ал, «Зейнетақы калькуляторы» бөлімі зейнет жасына шыққанда алатын зейнетақыны қарапайым кесте бойынша есептеуге мүмкіндік береді.
Ол зейнетақыны пессимистік, реалистік және оптимистік деп аталатын үш сценарий бойынша есептеп береді. Бұл енді болжамды калькулятор ғой. Қорытынды сомаға әр түрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Бірақ, болжамды есептеудің өзі-ақ болашаққа дұрыс бағдар жасауға мүмкіндік беретіндігі сөзсіз.
Әрине, міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері артып, олар жеке зейнетақы шотына тұрақты түрде аударылып отыратын болса, зейнет жасында алатын зейнетақы төлемінің де қомақты бола түсері анық.
Қазіргі кезеңді интернетсіз, смартфондарсыз көз алдыңа елестету мүмкін емес қой. БЖЗҚ міне осы жағдайды ескере отырып, 2014 жылы кез келген уақытта және кез келген жерде жеке зейнетақы шотыңыздың жай-күйі туралы барлық ақпаратпен лезде танысуға мүмкіндік беретін өте ыңғайлы «ENPF» ұялы қосымшасын әзірлеп шығарған болатын. Енді ұялы телефоныңыз арқылы Қордың ресми сайтына кіріп, ұялы қосымшаны смартфоныңызға оп-оңай жүктей аласыз. Сөйтіп, қосымшаға логин мен құпия сөзді (пароль) енгізу арқылы жеке зейнетақы шотының жай-күйін тез-ақ білуге болады.
Мінеки, бұл туралы виртуалды қызметкер ақпараттық киоскінің «Ұялы қосымша» бөлімінде жан-жақты түсіндіреді.
Сөз соңында Серік Ақышев:
Ал енді назар аударыңыз! Сіз «Ұялы қосымшаны» дәл қазір жүктей аласыз! Смартфоныңызбен QR-кодты сканерлеп ұялы қосымшаны жүктеп алыңыз. Сонда жеке кабинетіңізге қол жеткізе аласыз», - дейді.
Қорыта келе айтар болсақ, ақылды машинаның арқасында Қорға келуші салымшылар мен алушылар ұзын-сонар кезекке тұрудан құтыла бастады. Санаулы минуттың ішінде өздеріне-өздері жайлы қызмет көрсетіп, алтын уақыттарын үнемдейді. Сәйкесінше жүйкелеріне де салмақ түспейді. Бұл әрине, әр минутын есеппен жұмсайтын іскер азаматтар үшін таптырмайтын мүмкіндік екені рас!
Жалпы, сенсорлық киоскінің болашағы өте зор. Алдағы уақытта оны одан әрі жетілдіру көзделіп отыр. Яғни, жақын болашақта осы аппарат арқылы зейнетақы жүйесіне қатысты әр түрлі тақырыпта әлеуметтік роликтер мен таныстырылымдар көрсетуге болады. Сонымен қатар «Пікірлер мен ұсыныстар» қызметі бойынша Қор басшылығына тікелей пікір жазу, Қордың enpf.kz ресми сайтына шығып «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымының блогы» арқылы сұрақ қою немесе өтініш жазу және «Қоғамдық қабылдау» бөлімі арқылы Қор басшылығының қабылдауына жазылу секілді қызметтер енгізіледі.
Әрине, ақпараттық киоскіні жетілдіру бұл қызметтермен шектеліп қалмайды. Өйткені оның функционалдық мүмкіндіктері ұшан-теңіз.
Біздің мақсатымыз салымшылар мен алушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру, олардың Қор мен арадағы қарым-қатынасын нығайта түсу. Сәйкесінше салымшылардың электрондық қызметтерді белсенді түрде пайдалануын арттыруда мұндай аппараттардың тигізер көмегі сөзсіз жоғары.
Айта кеткен жөн, мұндай сенсорлық аппараттар елімізде енді-енді пайдаланылып келеді. Оларды қазір тек кейбір үлкен сауда ойын-сауық мекемелерінен көруге болады. Бірақ олар әзірге тек анықтамалық функцияларды ғана атқарады. Ал батыс елдерінде адам мен ақпараттық техника арасындағы «ақылды» электрондық байланыс қарыштап дамып келеді. Бұған қарап, технология адамдарды қызмет көрсету саласынан біртіндеп ығыстырып бара жатыр ма қалай, деген ойға қаласың. Бірақ, бұл қалай дегенмен де, өркениеттің даму жолы ғой. Ал оның көшінен қалып қоюға әсте болмайтынын бүгінгі өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Осылайша, ақпараттық киоскілер өткен жылдың күзінде шет елден сатып алына бастады. Кейін Қордың ақпараттық технологиялар депаратменті қызметкерлерінің күшімен жаңа аппараттың контенті, алгоритмі әзірленді.
Ең алдымен клиенттермен арадағы интерактивті байланыстың бүкіл механизмі зерделенді. Әсіресе аппараттың интерфейсін адамдардың назарын аударатындай қызықты етіп жасауға күш салынды.
Жыл соңында барлығы 10 ақпараттық киоск Қордың Алматы, Астана, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Петропавл, Шымкент секілді ірі қалалардағы филиалдарына орнатылып, тестілеуден өткізілді. Ал таяуда салымшылар мен алушылардың пайдалануына берілді.
Жаппарберген Айбота