БЖЗҚ: қосарлы шоттар қысқартылып жатыр

Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесі тұңғыш рет 1998 жылы 1 қаңтарда енгізілгені белгілі. Жұмыс істейтін барша қазақстандықтар осы айдан бастап жинақтаушы зейнетақы қорларындағы өздерінің жеке зейнетақы шоттарына айлық жалақыларының 10 пайызын міндетті түрде аудара бастады.
Сонымен қатар, олар ерікті зейнетақы жарналарын да аудару құқығына ие болды.
Ал техникалық шоттар, яғни сұраусыз қалған шоттар осы алғашқы жылдары-ақ пайда бола бастады. Неге? Әңгімені әріден бастайық.
1998 жылдан бастап Қазақстанда «Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы мен бірқатар мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорлары құрылды. Бұл жерде егер жұмыскер қандай да бір жеке зейнетақы қорымен шарт жасаспаған болса, жұмыс беруші оның міндетті зейнетақы жарналарын автоматты түрде Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға тиісті болды. Яғни, аталмыш Қор 1997 жылғы 20 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР заңының талаптарына сәйкес салымшымен қағаз жүзінде шарт жасаспай-ақ, яғни «үнсіз келісім бойынша» оның міндетті зейнетақы жарналарын қабылдауға міндеттенді. Басқа мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорларына мұндай міндеттеме жүктелген жоқ.
Мінеки, осындай жолмен мыңдаған жеке зейнетақы шоттары ашылды.
Ал, көп адам өз атына Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорында жеке зейнетақы шоттарының ашылғанын тіпті білген де жоқ. Бұл шоттарға 2003 жылға дейін міндетті зейнетақы жарналары түсіп тұрды деуге болады. Ал, 2003 жылдан бастап жұмыскерлерге, сондай-ақ жаңадан жұмысқа тұрушыларға ең алдымен өз еріктерімен міндетті түрде қандай да бір жеке зейнетақы қорымен шарт жасасу талабы қойылды. Ал, Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорында кезінде автоматты түрде ашылған жеке зейнетақы шоттары сол ашылған күйінде қалып қойды.
Сонымен қатар, көптеген жинақтаушы зейнетақы қорларында салымшының деректемелері (тегі, аты, әкесінің аты, салық төлеушінің тіркеу нөмірі, әлеуметтік жеке коды және т. б.) қате жазылған шоттардың да болғаны жасырын емес. Өйткені, ол кезде көп жағдайда зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар қолмен толтырылды ғой. Салымшы кейін дұрыс деректемелері бойынша басқа қормен жаңадан шарт жасасқан кезде бұрынғы қордағы шоты сол күйі жабылмай қалып қойып жатты. Тіпті, зейнетақы жинақтарын алмастан шетелге қоныс аударған азаматтар да жетіп артылады. Олардың ішінде мұндай шотының болғанынан бейхабар адамдар да бар.
Мінеки, зейнетақы активтерін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына шоғырландырғанға дейін осы тектес техникалық шоттардың саны шамамен 850 мыңға жетті. Олардағы жинақталған зейнетақы жинақтарының сомасы да аз емес. Бұл жерде мұндай шоттардың басым бөлігі «Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры» (ГНПФ) акционерлік қоғамы мен «Қазақстан Халық Банкінің жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамында болғанын айта кеткен жөн.
2013 жылы 2 шілдеде «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының жаңа редакциядағы Заңы қолданысқа енгізілді. Соның негізінде 2013 жылы тамыз айында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы құрылды. Бұл ретте Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі екендігін айта кеткен жөн. Сәйкесінше БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары салымшының меншігі болып табылады және оның сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік беріледі.
Сонымен, 2013 жылдың соңы мен 2014 жылдың басында Қазақстанда зейнетақы активтерін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына шоғырландыру үдерісі жүрді. Базаларды біріктіру барысында 28 мыңдай қосарлы жеке зейнетақы шоттары өңделіп біріктірілді. Сөйтіп, біріктіру үдерісі аяқталған шақта өңделмеген техникалық шоттардың саны 821 345 бірлікті құрады.
Жалпы, қосарланған шоттардың иелерін, егер салымшы қайтыс болса оның мұрагерлерін анықтау жұмыстары әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Өйткені салымшының зейнетақы жинақтары тиісті заң талаптарына сәйкес мұраға қалдырылады.
2014 жылы – 32 823, 2015 жылы – 57 214, 2016 жылы – 332 341, ал 2017 жылдың басынан бастап 1 маусымға дейін – 21 065 шот өңделді.
2017 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы техникалық шоттардың саны 377 902 бірлікті құрады. Яғни, 3,5 жыл ішінде техникалық шоттардың 50 пайыздан астамының иесі табылды.
Әрине, мұндай шоттарды өңдеу оңай емес екені рас. Бұл ыждахаттылықты талап ететін ауыр жұмыс. Қазіргі таңда Қор мамандары фонетикалық іздеу алгоритмі бойынша шоттарды өңдеу, иелерін анықтау жұмыстарын қарқынды түрде жүзеге асырып жатыр.
Басты мақсат – иелерінің қарауынсыз қалған шоттарды толығымен өңдеу және болашақта осындай шоттардың қалыптасуына жол бермеу.
Айта кетелік, бұл жеке зейнетақы шоттарындағы жинақтардың бірде-бірі бюджетке аударылған жоқ. Оларға міндетті зейнетақы жарналары түсіп тұрмаса да, әлі күнге дейін, күн сайын инвестициялық табыстар есептеліп тұрады.
Ағымдағы зейнетақы заңнамасына сәйкес іздеусіз жатқан жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинағы оны алушы немесе оның мұрагері (мұрагерлері) талап етпейінше есептен шығарылмайды.
Сәйкесінше оларды автоматты түрде жабуға болмайды деген сөз.
Осыған байланысты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қазақстандықтарды Қор бөлімшелеріне келіп, өздерінің немесе туған-туыстарының атына ашылған жеке зейнетақы шоттарын тиісті құжаттар негізінде тексеруге шақырады.
Жаппарберген Айбота