Атқарылған іс-шаралар

Сыбайласжемқорлыққа қарсы күрес -
баршамызға ортақ іс.
Сыбайлас жемқорлықтың үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатынын бәрімізде жақсы білеміз. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселе әрқашан Елбасының назарында. Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында «Сыбайлас жемқорлық қоғамға, мемлекеттің конституциялық негізіне қауіп төндіреді, сондықтан онымен күрес жүргізу — жалпы ұлттық міндет», - деген болатын.
Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.
Негізінен «Сыбайлас жемқорлық» деген түсінік «corruptio» деген латын сөзінен алынған, оның мағынасы «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» деген түсінік беріп, құқыққа қарсы іс - әрекетті білдіреді. Жемқорлықтың қарапайым түсінігі - лауазымды тұлғалар, қоғамдық және саяси қайраткерлер мен мемлекеттік шенеуніктердің өз қызметтерінде сараңдық мен сатқындық танытуы.
Жасыратыны жоқ сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды, себебі мұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда өкіметке, билікке деген сенімсіздік тудырады. Ең бастысы - адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсерін тигізеді.
Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.
Мемлекеттік сатып алу, мемлекет қаржысын талан-тараж етіп, ысырап қылу, жер участкесін заңсыз беру, дүние-мүлкін, ақша капиталын салық декларациясынан, яғни мемлекеттен жасырып қалу сияқты мемлекет қалтасына қауіп төндіретін жат қылықтар әлі де орын алуда.
Мемлекеттік қызметтегі тұлғаларға қойылатын талап «Әрбір мемлекеттік қызметкердің ары да жаны да таза, сауатты және білікті, біреуге тәуелді болмайтындай жағдайда болу керектігі болса», осы талап жұртшылықтың, яғни қарапайым адамдардың пікірімен бірдей, яғни қарапайым халық мемлекеттік қызметкерден осы талапты күтеді.
Әрине, ең алдымен бүгінгі бала, ертеңгі мемлекеттік қызметкердің отбасындағы тәлім-тәрбиесі дұрыс болуы керек. Себебі тәрбие от басынан басталады, ата-анасының шарауаны пара беру арқылы шешетінін, не пара алу арқылы өздерінің материалдық жағдайын жақсартып отырғанын көріп өскен бала, бұл жағдайды орынды, яғни солай болуы керек екен деп түсінеді. Есейгенде ол баладан қандай мемлекеттік қызметкер шығады? Қалтасының қамын ойлайтын шенеунік бола ма, әлде тәуелсіз еліміздің нығаюына, қазіргі жаһандану заманында патритоттық сезімді барынша бойына терең сіңдірген, ел дамуының ұйытқысы болатын нағыз азамат шыға ма? Соңғысы болса жақсы. Сондықтан әрбір отбасы осы мәселеге аса мән бергені абзал.
Біз бүгінде азаматтар үшін сыбайлас жемқорлық барынша тиімсіз болатындай жағдай қалыптастыруымыз керек, оның ең оңтайлы жолы – себептерімен күресу. Сонда ғана іс жемісті болмақ
Сыбайлас жемқорлықпен күресте әрине көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс. Сондықтан салық төлеушілер арасында түсіндіру жұмыстары бізде ай сайын өткізіліп тұрады, оған аптаның әр бейсенбісінде Ашық есік күні ұйымдастырылған. Тоқсан сайын «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау палатасында және басқарма ғимаратында салық төлеушілерге сыбайлас жемқорлықпен күрес және салық төлеушінің жауапкершілігі туралы семинарлар өткізіліп тұрады және алдағы уақытта аталған шара жалғасын табады. Семинарда салық төлеушілерге «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 676 бабына сәйкес жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруi,егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғатыны баса ескертілді.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің 10нан астам бағдарламалық өнімі ойдағыдай іске асырылды. Мемлекеттік кірістер органдарымен 44 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның ішінде 28 түрі электронды түрде көрсетіледі. Ол деген сөз салық төлеушілер кеңселерінен немесе үйлерінен шықпай-ақ және мамандармен кездеспей-ақ, өз есептерін ғаламтор арқылы жіберу мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, ғаламтор болмаған жағдайда, басқарманың «Ақпараттарды қабылдау және өңдеу орталығы» бөлімінде «Салық төлеушілердің терминалы» жұмыс істейді. Күнделікті жұмыс уақытында кез-келген салық төлеуші терминал арқылы салық есептіліктерін толтырып, жібере алады. Сондай-ақ, есеп беттеріндегі қозғалысты қадағалай алады. Көптеген салықтық өтініштерді электронды түрде ұсынуға болады және жеке кәсіпкерлікті де электронды тіркеу мүмкіндігі қарастырылған. Яғни салық төлеуші маманды көрмейді, салық қызметін электронды түрде ала алады. Бұл жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясының бір бөлігі ғана.
Мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Бұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылатыны белгілі.
Шалқар ауданы бойынша
Мемлекеттік кірістер басқармасы