БЖЗҚ басшысы зейнетақы жүйесіне қатысты маңызды мәселелерге түсініктеме берді

БЖЗҚ Басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева «Капитал.kz-ке» берген сұхбатында қазақстандық жинақтаушы зейнетақы жүйесінде орын алып жатқан өзгерістерді толығырақ түсінуге мүмкіндік беретін бірқатар қызықты сараптамалық есептеулерді алға тартып өтті. Әлеуметтік ірі топтар келешектегі зейнетақы төлемдеріне әлі де болса мемлекеттің немесе адамның өзі жауапты болуы тиістігін анықтай алмай жатқандай.
— Соңғы жылдары зейнетақы жүйесі дамудың аралас жинақтаушы-ынтымақты жүйесінен ынтымақты құрамы басым жүйесіне ауысуын жылдамдата бастады. Өз зейнетақысының келешегі мен жинақ қор көлемін ұлғайтуға қатысты азаматтардың барынша айқындыққа деген ұмтылысында өзгерістер бар ма?
— Расында да, қазіргі кезде Қазақстанда мемлекеттік бюджет төлемдерінен, базалық және ынтымақты құрамнан, міндетті және ерікті қор есебінен түзілген БЖЗҚ төлемінен тұратын көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істеуде. Бүгінде шамамен, 80−85% зейнеткерлер төлемі мемлекеттік зейнетақыны құрап отыр. Жағдай біртіндеп өзгере бастамақ. Өйткені енді ынтымақты құрамға тек 1998 жылға дейін жұмыс өтілі бар адамдар ғана жүгіне алады, оның құрамы біртіндеп азайып, жинақтаушы құрамға ауысуы тиіс. 2040 жылдары зейнетке 1998 жылға дейін жұмыс өтілі болмаған адамдар шыға бастамақ, соған сәйкес, олар тек өз жинақ қоры мен өз кезегінде, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне тәуелді болатын базалық зейнетақыға ғана сенім арта алмақ.
Бұдан шығар қорытынды, зейнетақымен қамтылу тек мемлекетке, уақытында жарна аударып отырған жұмыс берушіге ғана емес, көбінесе адамның өзіне де тікелей байланысты болмақ. «Қанша ақша тауып, жинасаң - сонша ақша алатын боласың» дейтін әділ тәжірибе озық зейнетақы жүйесі мен дамыған экономикасы бар көптеген елдерде қолданылады. Қазақстан да сол бағытқа бет бұра бастады.
Айта кетерлігі, біздің азаматтарымыз мұны біртіндеп түсініп келеді. Қор өткен жылдың соңында әлеуметтік зерттеу жүргізіп, соның барысында халықтың зейнетақымен қамту саласындағы қаржылық сауаттылық деңгейін, жалпы, зейнетақы жүйесіне және БЖЗҚ-ға деген сенімділік деңгейін және жұрттың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу ынтасын да зерттеген болатын. Зерттеу нәтижесі көңіл көншітерлік екенін айтып өткен жөн. Қаржылық сауаттылық деңгейінің төмендеу екеніне қарамастан (сауалға жауап бергендердің 58,2%-ы сауаттылықтың базалық деңгейін, тек 24,7%-ы сарапшылық деңгей көрсетті), халықтың басым бөлігі Қазақстан зейнетақы жүйесіне және БЖЗҚ-ға сенім білдіріп отыр — сенімділік индексі 10 ықтимал баллдан 5,9 және 5,7 балл аралығын құрады. Әлеуметтік- демографиялық сипаттар тұрғысындағы талдау көрсеткендей, ауыл тұрғындарының арасындағы, мемлекеттік қызметкерлер мен үкіметтік емес сектор жұмысшылары арасындағы 18−29 және 60−65 жастағы азаматтардың сенімділік деңгейі жоғарырақ болып шықты. Зерттеуден көргеніміздей, жастар (18−29 жастағы) көбінесе өздерінің зейнетақысы жайлы ойланбайды да, олар бұл жайында ойланудың қажеті жоқ, әлі ерте деген пікірде, дегенмен, келешектегі зейнетақы үшін жеке жауапкершілікті сезіну — «келешекте зейнетақы алу-алмауым өзіме байланысты» деген пікір дәл осы жас аралығындағыларда кеңірек тараған. «Менің болашақ зейнетақыма мемлекет жауап береді» деген пікір 50 жастағылардан асқан азаматтар арасында көбірек тараған. Жеке секторда жұмыс істейтін азаматтар арасында келешек зейнетақысы үшін өзіміз жауаптымыз деген пікір көбірек тараған, мемлекеттік секторда жұмыс істейтін азаматтар көбінесе өз зейнетақыларына мемлекет жауапты деп жауап берген.
Бір жыл ішінде БЖЗҚ сайтын 20 млн-нан астам адам қараған (бұл 2016 жылға қарағанда 2 есе көп көрсеткіш). 2017 жылы 7,5 млн-нан астам дербес зейнетақы есебінің жағдайы туралы электронды көшірме берілген. Мұның бәрі халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне және жеке жинақ қорына деген қызығушылығының артқанын білдіреді. Осы қызығушылық зейнетақы жүйесіне қатысу ынтасының негізі болуы тиіс.
— Жаңа жүйе жинақтаушы жүйе аясындағы төлем көлемін айтарлықтай ұлғайтып жіберуі мүмкін ауқатты және жағдайы төмен әлеуметтік топтар арасындағы, сондай-ақ, әйелдер мен ерлер арасындағы зейнетақымен қамтылу қарама-қайшылықтарын реттеуде қаншалықты қабілетті болмақ?
— Жаңа айтып өткеніміздей, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ұстанымдары шын мәнінде әділірек — еңбек қызметі аяқталған соң адам белсенді еңбек кезеңі барысында жинаған жинақ қорын пайдаланады. Теңгермешілік деген жоқ, әлеуметтік әділдік ұстанымы сақталып отыр. Мемлекет өз тарапынан зейнетақы қорының сақталуына кепілдік береді, зейнетақының базалық деңгейімен қамтамасыз етеді және қандай да бір себептермен кәрілік кезеңін жеткілікті қаржымен қамтамасыз ете алмағандарға қамқорлық көрсетеді. Егер 2030-ға дейінгі ҚР Зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымдамасына жіті назар салсақ, онда халықтың әлеуметтік топтары арасындағы, ерлер мен әйелдер арасындағы қарама-қайшылықтарды реттеуге тиіс шаралар қарастырылғанын көреміз. Тұжырымдама идеологиясына сәйкес, зейнеткерлер арасындағы кедейлікті төмендету және азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысуын ынталандыру мақсатында базалық деңгейде мемлекеттік базалық зейнетақыларды тағайындау тетігі жетілдірілетін болады. Одан кейін халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына төменгі кепілдендірілген зейнетақы төлеу ұйғарылмақ.
Сіз айтып отырған мәселелерді шешу үшін әйелдердің зейнет жасы біртіндеп көтеру процесі бастады. Бұрын көп белгілі болмаған мұндай шара бірқатар себептерге, оның ішінде, халықтың қартаюына, өмір сүру ұзақтығының артуына, әйелдердің жинақ қорының әлдеқайда азырақ болуына байланысты туындап отыр. Бүгінгі күні әйелдердің зейнетақылық жинақ қоры орташа есеппен, ерлерге қарағанда 25%-ға төмен. Бұл біріншіден, әйелдердің еңбек қызметінен түскен табысының орташа есеппен, ерлерге қарағанда (31%-ға) төмен болуына байланысты. Екіншіден, әйелдер зейнет демалысына ерте шығатындықтан, олардың еңбек өтілі азырақ. Сонымен қатар, орташа алғанда, ерлерге қарағанда әйелдер ұзағырақ жасайды, соған сәйкес, еңбек қызметі аяқталған соң зейнетақы қоры ерлермен салыстырғанда ұзағырақ кезеңге қажет етіледі. Сондықтан зейнет жасын сатылай көтерудің басты міндеті - зейнетақылық жинақ қорын арттыру мүмкіндігін ұсыну болып табылады. Ол 2018 жылдан 2027 жылдар аралығында жүзеге асырылады, яғни, әйелдер зейнетақының әлеуметтік қолайлы деңгейімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, әйелдердің зейнеткерлікке ерте шығу жеңілдіктері сақталып қала береді: біріншіден, бес бала туған және 20 жылдық еңбек өтілі бар әйелдер зейнеткерлікке 53 жасында шыға алады. Сонымен бірге, мемлекет әр балаға 3 жылдық, бірақ 12 жылдан аспайтын еңбек өтілін қосуды қарастыратын болады. Екіншіден, зейнетақы қоры жеткілікті болған кезде, әйелдер 50,5 жасынан бастап төлем ала алады.
Зейнет жасын біртіндеп ұлғайту әйелдің құрметті демалыстағы өміріне қажетті жинақ қорын арттыруға мүмкіндік береді. Ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасының сәйкестендіру — соңғы 20 жыл бойы қолданылып келе жатқан жалпы әлемдік тәжірибе. Көптеген елдер баяғыда-ақ барлық азаматтардың зейнет жасын сәйкестендіріп қойған, Қазақстан ол жолға соңғылардың бірі болып түсе бастады.
Бұдан өзге, жинақтаушы құрам міндетті деңгейде сақталып қалады және 2020 жылдан бастап жұмыс берушілердің өз жұмысшыларының пайдасына 5% жарна төлеу есебінен түзілген шартты-жинақтаушы деген қосымша құрам енгізіледі. Бұл зейнетақы жүйесіндегі жинақтаушы және ынтымақты ұстанымдардың біріктірілуі. Жинақталған қор шығып қалған немесе қалып қалған жүйе қатысушыларына қайта бөлу есебінен өмір бойы төленеді.
— Сіздің бағалауыңызша, қолданыстағы зейнетақы жүйесінің айрықша өзекті мәселесі не: зейнет жасының ұлғаюы ма, жинақ қор сомасының аздығы ма, өзін өзі жұмыспен қамтушылардың толық қамтылмауы ма, әлде басқа мәселелер ме?
— Әйелдердің зейнет жасын арттыру — экономикалық және әлеуметтік себептерге негізделген шынайы ақиқат. Міне, осы мәселе айтарлықтай өзекті-ақ. Биыл зейнетақы жүйесіне 20 жыл толады — бұл жеткілікті жинақ қор түзудің жарты мерзімі ғана. Біздің есебіміз көрсеткендей, егер адам тұрақты, жылына 10 реттен кем емес түрде 35−40 жыл бойы зейнетақылық жарнаны құйып отырса, онда ол әлемдік стандартқа сәйкес, зейнетке шыққанда өз еңбекақысының кем дегенде, 40%-ын алып отырады. Қазір зейнет жасына шыққалы отырған, жүйеге 16 жылдан астам уақыт қатысып келген ерлердің орташа жинақ қорының сомасы 2,6 млн теңгені құрайды, ал әйелдерде — шамамен, 2 млн теңге. Тұрақты түрде (жылына кем дегенде 9 реттен) жарна төлеп келген, зейнетке шыққалы отырған салымшылардың жинақ қоры ерлерде шамамен, 3,3 млн теңгені және әйелдерде 2,3 млн теңгені құрайды. Сондықтан біз жинақ қор сомасы мен алдағы уақыттағы зейнетақы төлемі зейнетақылық жарнаның толықтығы мен тұрақтылығына байланысты екенін жалықпай қайталай бермекпіз. Бұл әсіресе биыл, зейнетақы төлемі ай сайын жүзеге асырыла бастағанда айқынырақ көрінуде. Жақсы жинақ қоры бар салымшылар зейнетақының ынтымақты және базалық құрамынан әжептәуір үстеме алады. Ал ондай сомасы аз адамдар белгіленген төменгі деңгейді - ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын, яғни 15 273 теңге алады. Егер жинақ қорының сомасы ең төменгі зейнетақы көлемінен 12 есе аз болса (2018 жылы ол сома 33 745Ч12= 404 940 теңгеге тең), онда ол адам оны бір рет алуға құқылы.
Өзін өзі жұмыспен қамтитын халық мәселесі де өзекті болып отыр. Қазір өзін өзі жұмыспен қамтитын халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту мақсатында, қор зейнетақы жарналары түспейтін жеке зейнетақы есеп-шоттарын игеру бойынша науқан бастады. Салымшылардың деректер базасында 2015 және 2017 жылдар кезеңінде ашылған, бірақ бір де бір зейнетақы жарнасы түспеген есеп-шоттар, сондай-ақ, жинақ қоры болғанмен 2017 жыл бойы жарна түспеген есеп-шоттар теңдестірілді. Аталмыш ақпарат өзінің келешек зейнетақы мәселесі бойынша, сондай-ақ, жұмыспен қамту мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін аймақтық желілер қызметкерлеріне жөнелтілді. Бұған қосымша, БЖЗҚ жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өзін өзі жұмыспен қамтитын халықты тарту бойынша келесідей: жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту бойынша алдағы уақыттағы стратегияларды дайындау үшін жұмыс түрін, табыс деңгейін ескере отырып, «өзін өзі жұмыспен қамту» ұғымын санат бойынша анықтау және саралау; мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен біріге отырып, қор ресурстары арқылы, БАҚ арқылы түсіндіру жұмыстарын күшейту; мемлекет тарапынан біріге қаржыландыру сияқты ЖЗЖ-ға қатысуға арналған материалдық және материалдық емес уәждемелерді дайындау; тұрмысы төмендерге арналған салық жеңілдіктері; зейнетақы жарналарының тарихы бойынша өтілді ескеру сияқты ұсыныстарды әзірлеуде.
Бұл тақырып БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңеспен бірге қызу талқылануда, сол Кеңес мүшелерінен зейнетақы жүйесіне өзін өзі жұмыспен қамтушыларды қатыстыру мәселесін шешуге арналған қызықты ұсыныстар түсіп отырады. Негізінен, сарапшылар жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуды уәждемелеу жұмыстарын реттеушілік, әкімшілік және ынталандыру әдістерімен арттыру туралы айтып жатады. Біз барлық ұсыныстарды қабылдап, талқылап, сараптамадан өткізген соң, оларды Ұлттық банкке, содан соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жібермекпіз.
— Әдетте әйелдер өзінің қаржылық және әлеуметтік міндеттеріне жауаптырақ қарайды деп жатады. Зейнетақы жүйесіне қатысты да солай деуге бола ма?
— Әйелдер расымен де, қоғамда бірден бірнеше рөлді атқарып отыр: олар әйел де, ана да, сонымен қоса, әйел жұмыскерлер мен басшылардың әрдайым өз ісіне ұқыпты әрі бәрін жоспарлы түрде қарайтыны рас. Осы қасиеттер зейнетақы жүйесінде қолданылып жата ма дейсіз ғой? Онда бұл мәселеге бірге үңіліп көрейікші. Зейнетақы жүйесі алдындағы міндеттеріне жауаппен қарау көрсеткіші жарналар көлемі мен жиілігі болып табылады. Жарналар сомасына келер болсақ, ер адамдардың жалақысы әйелдерге қарағанда жоғарырақ екені ешкімге жасырын емес. Соған сәйкес, әйелдердің жинақ қоры да орташа есеппен, төменірек болады. Егер 26−35 жас аралығындағы адамдар тобын алып қарасақ, әйелдерге қарағанда ерлер жиірек жарна төлейді. Бірақ мұны шынайы себептермен де түсіндіруге болар. Бұл кезеңде ерлер өз өмірінде мансап қууға көбірек көңіл бөліп, көп әрі белсенді түрде жұмыс істейді, сондықтан олардың жарна құю тұрақтылығы да жоғары болады. Ал әйелдер бұл кезде әдеттегідей, өз отбасын құрып, бала туып, декреттік демалыста жүреді, сондықтан олар тұрақты жарнаны төлемейтін кезеңдер орын алады. Ал егер 36−58 жас аралығындағы адамдар тобын алсақ, жарна жиілігі жағынан ерлерге қарағанда, әйелдер белсендірек болады (бұл көрсеткіш орташа есеппен, әйелдерде жылына 8,5 есеге, ал ерлерде — 8,2 есеге тең). Демек, өзінің аналық рөлін атқарып болған соң әйелдер жұмысқа шығып, тұрақты жарналар құя бастайды. Рас, зейнетке шығуға екі жыл қалғанда жарна тұрақтылығы теңеседі. Ерлер де, әйелдер де орташа есппен, жылына 9 реттен жарна төлей бастайды.
Егер 40 жастан бастап зейнет жасына дейінгі өзін өзі жұмыспен қамтитын адамдар санатын алсақ, мұндағы ескерер бір жайт, біріншіден, олардың арасында әйелдер көбірек болады, және, екіншіден, олар жарнаны жиірек — жылына 4 реттен, ал ерлер үш реттен ғана төлейді.
Сондықтан, келтірілген барлық цифрлар мен дәлелдерді ескере отырып, жалпы, әйелдер отбасына да, жұмысқа да қатысты барлық мәселеде жауаптырақ деген қорытынды жасауға болады. Әйелдер әрдайым балаларын, отбасын ойлап жүреді, өз жақындарының қаржылық игілігі үшін қолынан келген жұмыстың бәрін істеуге дайын тұрады