Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің берілу тәртібі

Мемлекет басшысы әлеуметтік қорғаудың атаулы жағын күшейте отырып, оның тетіктерін жетілдіру жөнінде міндет қойды. Осы мақсатта 2018 жылдан бастап жаңа форматтағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік қолданысқа енгізіліді, яғни әлеуметтік көмектің жаңа түрі ең алдымен аз қамтылғандарды қолдауға бағытталған және де нақты мұқтаж азаматтарға ұсынылады.
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек Қазақстан Республикасының заңымен бекітілген негізгі құқықтық актілерге сәйкес, яғни «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі № 246 Заңына, «Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2017 жылғы 25 сәуірдегі № 93 бұйрығына және де «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның жиынтық табысын есептеудің ережесін бекіту туралы» 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237 бұйрығына сәйкес жүргізіледі.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек отбасының тұрғылықты жерлері бойынша бірге тіркелген отбасы мүшелерінің айлық табысы жан басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 % -нан төмен болған жағдайда (2018 жылдың 3 тоқсаны бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі- 14142 тенге белгіленген) және де жан басына шаққандағы орташа табыс пен кедейшілік шегінің айырмасы түрінде есептелініп беріледі.
Ол үшін әлеуметтік көмек алуға үміткер өз атынан немесе отбасы атынан өтініш білдіру үшін тұрғылықты жері бойынша Жұмыспен қамту орталығына, ауыл тұрғындары - ауылдық округ әкіміне жүгінеді
Атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген отбасымен әңгімелесулер жүргізіліп консультация беріледі. Консультацияны Жұмыспен қамту орталығында консультанттар, ауылдарда ассистент мамандар жүргізеді. Олар отбасының кірістерін есептей отырып, отбасындағы жұмыссыз еңбекке қабілетті адамдардың Орталықтың ұсынып отырған жұмыспен қамту шараларына қатысуға жұмыс түрлерін және отбасы мүшелерінің әлеуметтік бейімдеу шараларын айқындайды. .
Аталған жәрдемақының түрі екі түрге шартты және шартысыз болып бөлінеді.
Шартсыз түріне отбасында бірге тұратын еңбекке жарамды мүшелері жоқ (мысалығы 1-2 мүгедектері бар, зейнеткерлер, жеті жасқа дейінгі бала күтіміндегі жалғыз басты аналар) отбасыларға тағайындалады.
Шартты түріне отбасының еңбекке жарамды жұмыссыз адамдары Жұмыспен қамту орталығының ұсынған жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысуы қажет болады.Және де әлеуметтік көмектің шартты түрінің негізгі шарттары тараптардың міндеттемелері көрсетілген әлеуметтік келісімшарт жасау болып табылады.
Консультация нәтижелері бойынша үміткер отбасы өз тарапынан немесе отбасының атынан тұрғылықты жері бойынша Жұмыспен қамту орталығына немесе ауыл әкіміне өтініш береді және өтінішке қоса мынадай құжаттарды қоса береді:
1. Жеке басты куәландыратын құжат.
2. Белгіленген нысандағы жеке қосалқы шаруашылығының бар-жоғы туралы мәлімет.
3.Балалардың туу туралы куәліктері (ҚР аумағында 2007 жылғы 13 тамызға дейін жүргізілген тіркеулер бойынша);
4. Өтініш берушінің деректерінде баланың туу туралы куәлігіндегі деректерден айырмашылық болған жағдайда неке қиюды (бұзуды) тіркеу туралы куәлік
5. Банктік шот номері
6. Студенттері бар отбасыларға № 4 нысана оқу орнының берген анықтамасы.
7. Отбасының табыстары туралы анықтамалар.
Сонымен қатар, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылатын отбасындағы еңбекке қабілетті отбасы мүшелері белгіленген нысан бойынша жұмыс іздеуші адам ретінде тіркелуге өтінішке қоса:
- Еңбек қызметін растайтын құжаты
-Білімі, біліктілігі, арнайы білімнің немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы құжаты (бар болса) қоса ұсынуы қажет.
Отбасына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалу барысында отбасыны мүшелері жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қатар әлеуметтік бейімдеу шараларымен қоса қамтылады.
Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары – тұрақты жұмыстарға орналастыру, әлеуметтік жұмыстар,қоғамдық жұмыстар, жастар тәжірибесі, кәсіби оқытуға жіберу,т.б шараларды қамтиды.
Әлеуметтік бейімдеу шаралары- отбасына тұрғын үй көмегін көрсету, жергілікті өкілетті органдардың шешімдерімен анықталған тәртіпте әлеуметтік көмек көрсету, скринингтік тексерістен өту, әлеуметтік маңызды аурулар бар болған жағдайда емдеу, жүктіліктің 12 аптасына дейін әйелдер консультациялық медициналық есепке қою, білім беру мекемелерінде білім алу кезеңінде азаматтарға әлеуметтік көмек ұсыну т.б шараларды қамтиды.
Аталған шараларды қамти отыра мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке үміткер отбасымен 6 мерзімге әлеуметтік келісім шарт жасалады.
Жасалған әлеуметтік келісім шарт міндеттемелерін орындалмаған жағдайда отбасына тағайындалған мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек мөлшері жоғарыда аталған заңның баптарына сәйкес қайта қаралатын болады. Атап айтсақ, міндеттемелерді алғаш рет орындамаған жағдайда отбасының 18 жасқа дейінгі балаларды, студенттерді және жеті жасқа дейінгі бала күтімінде отырған отбасының бір мүшесінен басқа он сегіз жастан үлкен барлық мүшелеріне бір ай ішінде 50 пайызға қысқартылады.
Сонымен қатар, міндеттемелерді қайта орындамаған жағдайда осы тәртіпте шартты ақшалай көмек төлемі тоқтатылатын болады.
Аудан бойынша қазіргі таңда 217 отбасының 1097 мүшесіне 25435,6 мың тенге мемлекеттік атаулы көмек тағайындалып отыр. Шартты ақшалай көмек алушы отбасыларының ішінде 88 отбасының 103 жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылып отыр. Оның ішінде 15 адам тұрақты жұмыстарға,25 адам әлеуметтік жұмыстарға, 61 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 2 адам жастар тәжірибесіне жіберілді.
Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылары қатарындағы 10 отбасы әлеуметтік көмектің бір жолғы төлемдерін алып, отбасындағы қосалқы шаруашылықтарын дамыту мақсатында үй малдарын сатып алды.
Сондай-ақ, 4 отбасы отбасылық тұрмыстық жағдайларын жақсартып, жеке кәсіпкерлікті дамыту мақсатында, қажетті құралдарын сатып алып, пайдалана отырып өз кәсіптерімен айналысуда.
Атаулы әлеуметтік көмек кейбір азаматтар үшін отбасының өмірлік қиын жағдайдан шығудың жолын табуға көмектеседі.
Шалқар аудандық жұмыспен қамту
және әлеуметтік бағдарламалар
бөлімінің бас маманы Марина Тайпақ Жеткізгенқызы