Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау саласында аудан тұрғындарына аудандық орталық аурухана 78 керует орнымен, тәулігіне 250 адам қабылдайтын аудандық емханасымен, 7 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт, 19 медициналық пункт қызмет көрсетеді.
Есепті мерзімде 1000 тұрғынға шаққандағы туу көрсеткіші 18,8-ді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11,6 пайызға азайса, өлім көрсеткіші 6,0-ны құрап, 10,0 пайызға азайды, нәтижесінде табиғи өсім 13,0 -ті құрап, 11,8 пайызға азайып отыр. 1 жасқа дейінгі балалар өлімі көрсеткіші өткен жылғы деңгейде қалса (12 бала) , туберкулезбен науқастану 14,3 пайызға азайып отыр.
Скринингтік тексерулер жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жыл басынан бері квота арқылы медициналық ем алуға Астана қаласына 116 адам жолданды, телемедицина арқылы 85 кеңес алынды.
«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде» 66,1 млн.теңгенің дәрі-дәрмегі тегін берілді. Аудандық аурухана, Бозой, Айшуақ, Аққайтым, Ақтоғай, Тоғыз, Жылтыр дәрігерлік амбулаториялары, Мөңке би, Қотыртас, Байқадам фельдшерлік акушерлік пункттері жанынан әлеуметтік дәріханалар ашылып, дәрі-дәрмек бағасы басқа дәріханалардан төмен сатылуда.
Өткен жылы аудандық ауруханаға 11,3 млн.теңгенің медициналық құрылғылары сатып алынды.
Газшылар қалашығындағы күндізгі стационардың жанынан зертхана ашылып, жұмыс жасауда.
Өткен жылы Қотыртас, Байқадам фельдшерлік акушерлік пунктерін күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттары дайындалды.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында денсаулық сақтау саласының 1 маманына көтерме жәрдемақы және 1 маманына бюджеттік кредит берілді.