Көші-қон заңнамасын бұзды

Шалқар аудандық сотында Қазақстан РеспубликасыӘкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлігі (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) көрсетілген құқық бұзушылықты жасаған он бір (11) Өзбекстан Республикасының азаматтарына қатысты әкімшілік істер қаралды.
Іс материалдары бойынша, Өзбекстан Республикасының азаматтары
15.01.2020 ж. бақылау бекеті арқылы Қазақстан Республикасы аумағына өтіп, жұмыс істеуге рұқсат алмастан Шалқар ауданы, Біршоғыр ауылында орналасқан «Тау Кен» ЖШС-інде ақылы жұмыс істеп, сондағы жатақханада тұрған. Осы әрекеттерімен Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзып, ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігі көрсетілген құқық бұзушылықты жасаған. Сот отырысында құқық бұзушылар жасаған құқық бұзушылықтарын мойындады.
Соттың қаулыларымен Өзбекстан Республикасының азаматтарыҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен кінәлі деп танылып, оларға Қазақстан Республикасы шегінен үш тәулік ішіндеөздігінен кетуі арқылы әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі әкімшілік жазалар тағайындалды.
Соттың қаулылары заңды күшіне енген жоқ.