ЕСІРТКІ ЕСІРКЕМЕЙДІ!

Бүгінгі таңдағы күн тәртібінен түспес мәселелердің бірі – есірткінің кең етек алуы болып отыр. Есірткінің адам ағзасына келтірер зияны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.
Алайда есірткі тұтыну, есірткіге тәуелділік ересектермен қатар кәмелетке толмағандар арасында да дендеп келеді.
Есірткінің адам денсаулығына келтірер зиянымен қатар қылмыстық жауапкершілігі де қатар жүреді. Алайда жасөспірімдер есірткінің денсаулыққа зияны мен қылмыстық жауаптылығын ескермей, алғашында қызық көріп, ересектерге еліктеп есірткінің шырмауына түсіп, өз тағдырларын тәлкекке түсіреді.
Халық денсаулығын сақтау, есірткіге тәуелділіктің алдын-алу мақсатында Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде есірткіге қатысты бірқатар қылмыстық жауаптылықтар көзделген.
Аталған қылмыстық кодекстің 296, 297, 298, 299,299-1, 300,301,302,303 баптарында есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау және өткізу іс-әрекеттеріне қатысты қылмыстық жауапкершіліктер көзделген. Яғни қылмыстық кодекстің аталған баптарына сәйкес қоғамдық орындарда есірткіні тұтыну, дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау және есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтынуға көндiру, құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру заңмен қудаланып, ол үшін қылмыстық жауапкершіліктер көзделген.
Осы баптарға сәйкес есірткіге қатысты қылмыстар жасаған тұлғалар қылмыстың пуырлық дәрежесіне қарай сексен айлық есептік көрсеткіштен (222.240 теңге) бастап айыппұл төлеу, түзеу жұмыстарына не бір сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту,жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алудан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруғажазалары көрсетілген.
Сонымен қатар, аталған қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалауүшін жауапкершілікті көздейді.
Атап айтқанда:
1.Есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау –үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) бірнеше рет;
3) білім беру ұйымдарында, сондай-ақ адамдар көп жиналатын объектілерде;
4) бұқаралық ақпарат құралдарын немесе электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып;
5) қызмет бабын пайдалана отырып жасалған дәл сол әрекеттер –үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Демек, есірткі адам денсаулығы мен өміріне қауіп келтіргенімен қатар, есірткіге қатысты заңсыз іс-әрекеттер жасау бас бостандығынан айырып, орны толмас өкінішке әкеліп соқтырады.
Сондықтан есірткіден азаматтарымызды, оның ішінде жасөспірімдерді сақтау үшін ата-аналар, мемлекеттік органдар және бүкіл қоғам болып есірткіге қарсы күресу қажет. Ол үшін балаларымызды үнемі көзден де, көңілден де таса қылмай, олардың сырттағы және үйдегі жүріс-тұрыстарын қадағалап, үнемі ақыл-кеңестерімізді беруді ұмытпайық.