Азаматтық процестік кодекске жаңа нормалар енгізілді.

2016 жылғы 21 қарашада елордада Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезі өтіп, онда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудың барысы және сот жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі мәселелер қаралды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев сол съезде сөйлеген сөзінде кез келген нағыз сот реформасының түпкі мақ­саты – судьялардың адалдығы мен кә­сібилігі, әділдік және әділ сотқа қол­жетімділік болып саналатын тәуелсіз және сатылмайтын сот билігі екенін айтты.
Еліміздің сот жүйесінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың және ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың жұртшылықтың сотқа деген сенімін қалыптастыру туралы тапсырмаларын орындауға бағытталған нәтижелі жұмыстар атқарылып жатқаны баршаға белгілі. Сол бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен тиянақтылықпен жалғасын табуда.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының тарапынан сол бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру аясында «Сот жүйесін жаңғырту» бағдарламасы жасалды, сот жүйесіндегі шешілуі тиіс «7 түйін» анықталып, оны тарқатудың жолдары айқындалды.Сол мақсатта Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы соттардың жүктемесі айтарлықтай жеңілдетіліп, сот актілерінің сапасын арттыруға жағдай жасалғаны туралы бұған дейін жұртшылықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар еткен болатынбыз.
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне (бұдан әрі қарай Кодекс)соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»№342-VI Қазақстан Республикасының Заңына 10.06.2020 ж.(бұдан әрі қарай Заң) қол қойды.
Енді сол Заңның кейбір нормаларына тоқталайық. Оның мазмұны негізінен соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіре отырып, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту болып табылады.
ҚР Жоғарғы Сотының «Сот жүйесін жаңғырту» бағдарламасының II-тарауында жазылғандай процестік заңдарды ұтымды ету. Сол арқылы уақыт пен ресурстардың негізсіз жұмсалуын болдырмау, процестің тым төрешілденуіне жол бермеу, судьяларға түсетін жүктемені азайтуға қол жеткізіп, сот ісін жүргізу мен сот актілерінің сапасын арттыру. Сөйтіп ол бұған дейінгі атқарылған жұмыстар аясында жүргізілген Кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заңдардың3-топтамасы болып табылады.
Заң бойынша Кодекстің 15-бабына сәйкесазаматтық сот ісін жүргізу кезінде дәлелдеме жинақтаудағы, тексерудегі соттың құзіреті кеңейтілді.
Аудармашылар мен сот приставтарының азаматтық процестегі мәртебелері нақтыланды.
Кодекстің 100 бабының талабына сәйкес сот жазбаша дəлелдемелерді өз бастамасы бойынша да талап етіп алдыруы мүмкін болатын болды.
Бұрынғы норма бойынша судьяның азаматтық істі қарау барысында өз бастамасымен дәлелдемелер жинақтауға мүмкіндігі болмайтын.Дәлелдемені тараптардың өздері сотқа ұсынатын. Сот тараптар ұсынған дәлелдемелерді ғанатексеріп, соның негізінде шешім қабылдайтын.
Мұндай жағдайда қарапайым адамдардың сауатының болмауына байланысты дәлелдеме жинақтауға, іс үшін маңызы бар мәселелерге соттың назарын аударуға шамасы келмейтіні белгілі. Судьяның ондай кезде өздігінен дәлелдеме жинақтауға заң бойынша құқығы болмайтын. Сондықтан сондай жағдайлар даулы іс бойынша жеңілген тараптың сотқа түсінбеушілік танытуына себеп болатын. Енді жаңа Заңның нормалары бойынша судьяның азаматтық іс бойынша өз бастамасымен дәлелдеме жинақтау арқылы істі қарау кезінде нақты шындықты анықтау құқығы кеңейтілді.
Сөйтіп, азаматтық процестегі диспозитивтік қағидаға, яғни тараптардың дәлелдемелерді ұсыну тәртібіне жаңаша мазмұн берілді.
Сот іс бойынша аудармашы тағайындау, істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарау туралы сұрақтарды, бөлек құжат түрінде ұйғарым қабылдамастан, хаттамалық ұйғарымдар шығару арқылы шешетін болып белгіленді.
Кодекстің 150-бабындағы жаңа норма бойынша татуласу рəсімдері жүргізілген кезде талап қою арызын қабылдау талап қою арызы түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Бұрын талап арызды қабылдау мерзімі бес жұмыс күні ішінде шешілуге тиіс болатын.
Кодекстің 175-бабына енгізілген өзгерістер бойынша татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін.
Кодекстің 179-бабына енгізілген өзгерістер бойынша тараптардың дауды (жанжалды) медиация тəртібімен реттеу туралы өтінішхаты, егер бұл қосымша процестік əрекеттерді жəне істі қарауды тоқтата тұруды талап етпесе, кассациялық сатыдағы сотта мəлімделуі мүмкін. Тараптар кассациялық сатыдағы сотта өтінішхатпен бірге бір мезгілде дауды (жанжалды) медиация тəртібімен реттеу туралы келісімді ұсынуға тиіс. Сотта медиацияны өткізу хаттамасыжүргізілмейді.
Партисипативтік келісімдер бұрын адвокаттардың қатысуларымен ғана жүргізілетін болса, енді бұған заң консультанттарын қатыстыруға мүмкіндік бар. Сөйтіп, тараптардың дау бойынша татуласу мүмкіндіктері кеңейтілді.
Кодекстің 222-бабына енгізілген өзгерістер бойынша іске қатысатын адамдар келмеген жағдайда сот отырысында шешімді жария ету жүргізілмейді. Шешімнің көшірмесі іске қатысатын адамдарға осы Кодексте белгіленген тəртіппен жіберіледі.
Міне, Кодекске енгізілген кейбір жаңа нормалардың мазмұны осындай.
Бұл нормалар қарапайым адамдардың сотта құқықтарын барынша қорғауды, тараптардың татуласу мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді.Сөйтіп, азаматтық процеске сот жұмысының жаңа форматтарын енгізе отырып, оны әрі қарай жетілдіре түсетін тағы бір қадам жасалды.
Шалқар аудандық сотының төрағасы Оралбек Бақтыгереев