Есің болса, есірткіге жолама. . .

Ұрпақ қамын ойлаған әрбір азамат есірткіге қарсы қолдан келген барлық шараларды жасауы қажет.
Қазіргі кезде көзге көрінбей қоғамға бірте-бірте еніп, ішінен бүлдіріп жатқан аурудың бірі – ол жас буынның есірткінің құрбаны болуы. Есірткінің зияны мен зардаптары қанша айтылып, жазылып жүрсе де, оны қолданушылар саны азаяр емес. Біреулер бұған ерігіп барса,енді біреулер мәжбүрліктен барады. Мәжбірліктен баратындар-олар есірткі тасымалдаушылар. Әдетте соңғылары жиі ұсталып, жазаларын алып жатады. Ал осының түпкі тамырын анықтап, жою құзырлы органдармен бірге. Әр адамның азаматтық борышы деп білуіміз керек.
Есірткінің салдарынан қаншама жанұя құрдымға кетіп, қаншама ұрпақ денсаулықтарынан айырылып, қаншама нәрестелер мүгедек болып туылуда.
Осы жаман әдетті тоқтатуға қанша тырыссақ та, оған үйір адамдар саны әлі де болса азаймай тұр.
Өкінішке орай, біздің аудан тұрғындары арасында да есірткі заттарын иемдену, сақтау, тіптен есірткі затын өсіру фактілеру жыл сайын орын алуда.
Мәселен 2020 жылдың өткен кезеңінде Шалқар ауданы бойынша 18 адамға қатысты 12 қылмыстық іс сотта қаралып, соттың үкімімен сотталушылардың барлығы заң бойынша қылмыстық жауапқа тартылды. Сотталушылардың 7-не 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, 4-не бас бостандығынан шектеу, 4-не қоғамдық жұмыстарға тарту, 9-на айыппұл жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар, соттың үкімі бойынша сотталушылардың 4-не жаза өтеу орындарында нашақорлық пен маскүнемдіктен мәжбүрлі емдеу шарасы тағайындалды.
Заңға келетін болсақ, есірткіні немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатыны баршаға мәлім.
ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 420,421,422 және 423 баптары осы есірткі затына арналған.
Қарапайым көпшілік назарына осы баптардың атауларын айта кеткенді жөн деп есептеп отырмын, себебі осы атаулардан қандай іс-әрекет әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғатынын білсе деген оймен. Олар, 420-бап «Жабайы сораны жоюға шара қолданбау», 421-бап «Құрамында есірткі бар егістіктерді күзетуді қамтамасыз етуге шаралар қолданбау", 422-бап «Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өткізудің және (немесе) медициналық емес тұрғыдан тұтынудың жолын кесуге шаралар қолданбау», 423-бап «Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттау және заңсыз жарнамалау».
Жоғарыда көрсетілгендей есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, имеденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сатқаны үшін қылмыстық жауаптылықта көзделген.
Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен заңсыз іс-әрекеттер жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің «Халық денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» тарауында жеті бап қарастырылған.
Осы баптар бойынша әртүрлі жаза түрлері көзделген, олар – айыппұл, түзеу және қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу және бас бостандығынан айыру сияқты.
Мәселен, қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігіне сәйкес,«Қоғамдық орындарда есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес тұтыну» -үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
297-бабының 4-бөлігіне сәйкес, «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу»- мүлкi тәркiленiп, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
298-бабының 4-бөлігінде ««Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді жымқыру не қорқытып алу» және 299-бабының 4-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтынуға көндіру» сияқты іс-әрекеттер үшін мүлкі тәркіленіп, 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру не өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
299-1 бапта, «Есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау» –мүлкi тәркiленiп, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
300-баптың 4-бөлігімен «Өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi егу немесе өсiру немесе сораның, көкнәрдiң немесе құрамында есiрткi заттар бар басқа да өсiмдiктердiң сұрыптарын егіп-өсіру» – үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Адамға-ең бастысы денсаулық керек. Есірткі денсаулыққа зиян болып келетінін бәріміз білеміз. Сондықтан қорыта келе, жастарымызға, аудан халқына болашақтарыңыз өз қолдарыңызда дегім келеді. Есірткісіз өмір сүрейік!
Шалқар ауданы
прокуратурасының прокуроры А.А.Досмурзаева